ҚБФ мәлімдемесіне сәйкес, федерация 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан мен Филиппин өкілі Карло Паалам арасындағы, сондай-ақ 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова мен Үндістан боксшысы Ловлина Боргохайн арасындағы кездесулердің қорытындысымен келіспейді.
Махмұд Сабырхан Азия ойындарының жартылай финалында Карло Пааламмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіліс тапты. Осы нәтижеден кейін қазақстандық боксшы финалға өте алмай, жарысты қола медальмен аяқтады.
Ал Наталья Богданова 75 келіге дейінгі салмақта Ловлина Боргохайнмен кездесіп, үндістандық боксшыдан жеңілді. Осылайша, ол да Азия ойындарының қола жүлдесіне ие болды.
Алайда Қазақстан бокс федерациясы қос жекпе-жектің қорытындысын қайта қарауға негіз бар деп санайды. Осыған байланысты федерация World Boxing ұйымына ресми наразылық жолдаған.
«Қазақстан бокс федерациясы Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының жартылай финалы аясында өткен 75 келі — Наталья Богданова – Ловлина Боргохайн (Үндістан), 55 келі — Махмұд Сабырхан – Карло Паалам (Филиппин) жекпе-жектерінің нәтижесімен келіспейді және World Boxing ұйымына наразылық жолдады», — делінген ҚБФ мәлімдемесінде.
Фото: ҚБФ.














