Маман ҚХЛ-да бұрын өнер көрсетпеген легионерлермен алдымен жеке әңгімелесетінін жеткізді. Бапкер олардың тұрмыстық жағдайын, жаңа қалаға бейімделуін және қандай қиындықтарға тап болғанын анықтауға тырысады. Осыдан кейін ғана ойын жүйесі мен әр хоккейшіге қойылатын нақты талаптар түсіндіріледі.
Кравецтің пікірінше, шетелдік ойыншылар соңғы маусымдарда жаңа ортаға тез бейімделіп, командаға сәтті сіңісіп жүр.
«Мен ойыншыларды ешқашан легионерлер мен жергілікті хоккейшілер деп бөлмеймін. Олардың дүниетанымы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бәрінің бағыты бір — хоккей және жеңіс», — деді бапкер «Рейтинг Букмекеров» басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бапкерлер штабының негізгі міндеті — ойыншыларды бір мақсатқа жұмылдырып, мұз айдынында да, одан тыс жерде де бір-біріне қолдау көрсететін ұйымшыл ұжым қалыптастыру. Сонымен бірге әр хоккейші команда нәтижесіне жеке жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Кравец ортақ тәртіп пен талап болғанымен, әр ойыншымен жеке жұмыс жүргізудің де маңызы зор екенін атап өтті. Бұл тәсіл жаңа келген легионерлердің бейімделуіне және қазақстандық хоккейшілердің шеберлігін арттыруға көмектеседі.
Айта кетейік, «Барыс» ҚХЛ-дың жаңа маусымын ірі жеңіспен бастады. Астаналық команда өз алаңында Новосібірдің «Сібірін» 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Кездесуде Джастин Бэйли екі шайба соқса, Кирилл Логвин, Дінмұхамед Қайыржан, Семен Симонов, Чейз Приски және Гаррет Пилон бір-бір голдан салды.
Михаил Кравецтің шәкірттері келесі кездесуін 9 қыркүйекте өткізеді. «Барыс Аренада» өтетін матчта елордалық клуб Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдайды.
Фото: hcbarys.kz.














