28 шілде күні кешке қазақстандық боксшы әкімшілік қамаудағыларға арналған арнайы қабылдау орнынан босатылды. Оны мекеме алдында жұбайы, туыстары мен достары күтіп алып, қолдау көрсетті.
Бостандыққа шыққаннан кейін Елеусінов оқиғаға қатысты алғаш рет пікір білдірді.
«Болған жағдайға қатты өкінемін. Не болғанын бәріңіз көрдіңіздер. Бұл үшін шын жүректен өкінемін», – деді боксшы Tengrinews.kz тілшісіне.
Еске салайық, 9 шілде күні Астанада Данияр Елеусінов бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысқан. Полиция мәліметінше, ол Toyota Land Cruiser тізгінінде болған. Бірнеше көлікпен соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалғанымен, көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түскен.
ЖКО салдарынан зардап шеккендер болмаған, тек көліктерге материалдық шығын келген.
Сот барысында Елеусіновтің жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде көлік басқарғаны және үш жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Боксшы өз кінәсін толық мойындады.
Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов – Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы әрі Қазақстанның ең атақты боксшыларының бірі. Кәсіпқой рингте ол әлі күнге дейін жеңіліс көрмеген: еншісінде 13 жеңіс бар, оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың шілдесінде өткізіп, филиппиндік Джеймс Бэконды техникалық нокаутпен жеңген.
Фото: Tengrinews/ChatGPT.













