Отандасымыз 25 шілде күні Алматыда өтетін бокс кешінде қырғызстандық былғары қолғап шебері Аделина Сатыбалдиевамен жұдырықтасады, деп жазады penalty.kz.
Мұздыманның қарсыласы кім?
Балауса Мұздыманның қарсыласы Қырғызстан өкілі Аделина Сатыбалдиева. Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
Жекпе-жек алдындағы медиа-күннен кейін Балауса Мұздыман әлеуметтік желіде дайындық барысына қатысты пікір білдірді.
«Ертең — ресми салмақ өлшеу. Ал арғы күні рингке тек бір мақсатпен шығамын — жеңіс үшін.
Қолдау білдіріп, сенім артқан әрқайсыңызға алғыс айтамын. Бар күшімді саламын. Бұйырса, кездескенше рингте!» — деді Мұздыман.
Қазақстандық боксшы үшін бұл кездесу ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы айқас болмақ. Мұздыман соңғы рет рингке 2025 жылғы 5 қыркүйекте шыққан еді. Сол кеште ол Үндістан спортшысы Мамта Сингхпен жұдырықтасты.
Айқас төртінші раундта аяқталды. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, екінші ең жеңіл салмақта UBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды.
Фото: Vesti.kz.














