Мәскеулік «Динамо» жазғы ауысым маусымында үлкен өзгерістер қарсаңында тұр. Клуб тізгінін қайта қолға алған Германиялық маман Сандро Шварц команданы жаңартып, чемпиондыққа таласатын ұжым құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Осы орайда, Pесейлік Советский спорт басылымы жариялаған «Сандро Шварцтың қара тізімінде” Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнутдиновтың да жағдайы жан-жақты талданды.
Түркиялық «Бешикташтан» РПЛ-ға қайта оралған Бахтиердің Мәскеудегі мансабы жарқын басталады деп күтілген еді. Өзінің әмбебаптығымен бұған дейін «Ростов” пен «ЦСКА” сапында жоғары бағаланған ол «Динамо” жейдесінде небәрі 10 ойын өткізіп үлгерді.
Алайда, «Ахматқа” қарсы кездесудің үзілісінде алған жамбас бұлшықетінің ауыр жарақаты оның маусымды толық аяқтауына кедергі келтірді. Ойыншы ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болып, команданың шешуші матчтарында көмектесе алмады.
Қазіргі уақытта Зайнутдинов командамен бірге алғашқы жазғы оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Бірақ басты сұрақ: ұзақ үзілістен кейін ол бұрынғы бабына қайта келе ала ма және жаңа бапкер оған сенім білдіре ме?
Cандро Шварц «Динамода” өзінің танымал, жылдам әрі прессингке құрылған ойын стилін қалыптастыруды көздейді. Бұл ойыншылардан жоғары физикалық дайындықты талап етеді. Сондықтан жарақаттан енді ғана айыққан ойыншы үшін негізгі құрамнан орын алу оңайға соқпайды.
Дегенмен, Бахтиердің клуб үшін маңыздылығын арттыратын бір үлкен артықшылығы бар – оның азаматтығы. Ресей Премьер лигасының ережелеріне сәйкес, Қазақстан футболшылары легионер болып саналмайды. Бұл фактор «Динамо” басшылығына шетелдік ойыншылардың лимитіне алаңдамай, тактикалық шешімдер қабылдауға икемділік береді.
Басылым сарапшыларының пікірінше, Зайнутдинов үшін спорттық формасын қайтарудың ең оңтайлы шешімі – уақытша басқа клубқа жалға кету. Бұл қадам ойыншыға тұрақты ойын тәжірибесін жинауға, ал «Динамоға” оның жағдайын сырттай бақылауға мүмкіндік береді.













