Боранбаевтың сөзінше, Дастан Сәтпаевтің көңіл-күйі өте көтеріңкі, ол өз мансабындағы жаңа кезеңді бастап, тек қана жаттығуға ден қойған.
«Дастан Қазақстан чемпионаты нағыз қызған шағында, яғни физикалық тұрғыда бабында болған кезде Лондонға келді. Жас футболшы үшін бұл адаптациялық кезеңге үлкен әсерін тигізеді», — деп жазды Боранбаев өзінің Instagram-парақшасында.
Оның сөзінше, Дастанның «Челси» сапына ауысуы – елдегі мыңдаған балаға мотивация болуы тиіс. Кез келген жасөспірім футболшы өзінің қайда туғанына қарамастан мол мүмкіндікке ие екенін білетін болады.
«Бұл тек бастамасы екенін білемін. Дастанның артынан қазақ футболының жас түлектері әлемнің ең үздік клубтарына баратынына сенімдімін. Біздің міндет – оларға осы жолды салып беру және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей алатынын дәлелдеу», — деді Қ.Боранбаев.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев «Қайрат» футбол академиясының түлегі. «Челси» оны сатып алғаны туралы ақпарат 2025 жылы жарияланған.
Фото: instagram.com/kairat4.














