Италиялық маман қарсыластың турнирдегі ең мықты командалардың бірі екенін атап өтті.
«Португалия құрамасын талдасақ, олардың қапталдағы ойыншылары өте мықты, әлемдегі ең үздік жартылай қорғау шептерінің бірі бар. Сонымен қатар бұл команда сапында футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі өнер көрсетеді. Сондықтан бізді оңай матч күтіп тұрған жоқ. Бірақ біз әлем чемпионатына келдік және команда ретінде жұмыс істеуіміз керек. Оң нәтиже көрсетудің жалғыз жолы – тактика, тәртіп және алаңдағы еңбек. Біз Португалияның ойын стилін мұқият зерттедік. Олар допқа иелік ету арқылы ойынды бақылағанды ұнатады және матчтарды өте белсенді бастап, қарсылас қорғанысын ертерек бұзуға тырысады.
Біз де осыған сай дайындалдық. Өз жоспарымыз бен стратегиямыз бар. Өте күшті қарсыласқа қарсы ойнайтынымызды түсінеміз, бірақ одан қорықпаймыз. Бар мүмкіндігімізді көрсетіп, матчтың соңғы минуты аяқталғанша күресеміз», – деді Каннаваро.
Еске салсақ, әлем чемпионатының алғашқы турында Өзбекстан Колумбия құрамасына 1:3 есебімен жол берген болатын. Ал Португалия Конгомен 1:1 есебімен тең түсті.
Топтық кезеңнің екінші турында Өзбекстан мен Португалия құрамалары 23 маусым күні Хьюстон қаласында кездеседі. Матч Астана уақытымен 22:00-де басталады.
Фото: Getty Images.














