Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Ордабасы» клубының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында ҚПЛ 12-турының орталық ойыны аясындағы «Қайратқа» қарсы ойын жайында өз болжамын айтты.
«Екі команда да жарыс кестесінің жоғарғы жағында келе жатыр, әлі осы маусымда жеңілмеген. Ойынына қарасақ, «Қайрат» – көп гол салмайтын команда. Өзінің қақпасына да гол аз жібереді. Шамамен «Ордабасымен» қауқары бірдей болғанға ұқсайды. «Ордабасы» да көп гол өткізбейді. Тең ойын болады, немесе минималды айырмамен «Ордабасы» жеңуі мүмкін. Стадион лық толы болады, өйткені билеттер сатылымға шыққасын бірден таусылып қалды. Әрине, екі көшбасшының кездесуі қызық ойын болады. 0:0 деген есеп те тіркелуі мүмкін», – деді Бекбаев.
Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта «Қайрат» 12 матчтан кейін 26 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Ал бір ойыны кем «Ордабасы» 25 ұпаймен екінші орында келеді. Екі ұжым да биылғы маусымда әлі жеңіліс дәмін татқан жоқ.
Шымкентте өтетін қос көшбасшының кездесуі бүгін сағат 20:00-де басталады.
Фото: ФК «Ордабасы».














