Беларусь маманы Кирилл Альшевскийдің Қазақстан премьер-лигасындағы маусымның орта тұсына да жетпей қызметінен кеткені хабарланды.
“Ертіс” 2025 жылы Бірінші лигада екінші орын алып, ұзақ үзілістен кейін Қазақстан премьер-лигасына қайта оралған еді. Павлодар жанкүйерлері үшін бұл үлкен оқиға болды.
Бірақ маусымаралық кезеңде клуб басшылығы көпшілік күтпеген шешімдер қабылдады. Команда құрамынан бірқатар тәжірибелі қазақстандық футболшы кетсе, кейін Ринат Әлүетов бастаған бапкерлер штабы да қызметінен босатылды.
Осыдан кейін команданың тізгінін Беларусь маманы Кирилл Альшевский ұстады. Бірақ оның жұмысы ҚПЛ-2026 маусымында күткендей нәтиже берген жоқ.
Команда турнир кестесінің төменгі жағында тұр
Бес дүркін Қазақстан чемпионы тоғыз турдан кейін 6 ұпаймен 14-орында келеді. Айта кетейік, төменгі аймақта тұрған қызылордалық “Қайсардың” да еншісінде дәл осындай ұпай бар.
Павлодарлық клуб осы маусымда тоғыз матч өткізіп, доп айырмасы бойынша да теріс көрсеткішке ие болды — 8:12.
Қатарынан бес жеңіліс жағдайды ушықтырды
Маусым басында “Ертіс” төрт матч бойы жеңілмей, жанкүйерлерге үміт сыйлаған. Дегенмен кейін команда қатарынан бес рет жеңіліп, турнирдегі жағдайын күрделендіріп алды. Бұған қоса павлодарлықтар Қазақстан кубогынан да ерте кезеңде шығып қалды. Оның үстіне, бұл сәтсіздік өз алаңында тіркелді.
Кирилл Альшевский соңғы матчтан кейін команданың ойынын “мінезсіз” деп бағалаған. Бұл кездесуде “Ертіс” Қостанайда “Тобылдан” жеңілді.
Ең қызығы, павлодарлықтар ойын барысында сан басымдығына ие болғанымен оны пайдалана алмады. Дәл осы нәтиже клуб басшылығы үшін шешуші факторға айналғанға ұқсайды.
Альшевскийдің орнына кім келуі мүмкін?
Ақпаратқа сүйенсек, 44 жастағы белоруссиялық маман бүгін бас бапкер қызметінен босатылған. Енді оның орнына келуі мүмкін басты үміткерлердің бірі ретінде Нұрбол Жұмасқалиевтің есімі аталып отыр.
Жұмасқалиев бұған дейін қостанайлық “Тобылды” жаттықтырған. Қазір жанкүйерлер клубтың ресми мәлімдемесін күтіп отыр.
Дереккөз: penalty.kz.
Фото: sport5.by.














