Бірінші орынды алты дүркін NBA чемпионы Майкл Джордан иеленді. Оның жалпы табысы $4,5 млрд-қа жеткен. Спортшы мансабын аяқтағаннан кейін де табыс табуды жалғастырып келеді. Мысалы, Nike компаниясымен 1984 жылы жасаған келісімшарты арқылы тек 2025 жылдың өзінде шамамен $275 млн табыс тапқан.
Екінші орында 15 мәрте «мэйджор» турнирлерінің жеңімпазы Тайгер Вудс ($2,88 млрд). Үшінші орынды бес дүркін «Алтын доп» иегері Криштиану Роналду ($2,52 млрд) иеленді.
Алғашқы ондыққа кірген спортшылары қатарында Леброн Джеймс ($2,03 млрд), Лионель Месси ($1,99 млрд), Арнольд Палмер ($1,85 млрд), Джек Никлаус ($1,83 млрд), Дэвид Бекхэм ($1,68 млрд), Роджер Федерер ($1,67 млрд), кіші Флойд Мейвезер ($1,57 млрд) бар. Сонымен бірге, тізімге жалғыз әйел спортшы Серена Уильямс (теннис) 680 млн доллар табысымен 40-орынға тұрақтады.
Sportico дерегінше, он түрлі спорт түрінен енген 50 спортшы жалпы есепте инфляцияны қоса алғанда $56,2 млрд табыс тапқан. Тізімде спорт түрі бойынша ең көбі баскетболшылар (13 адам), одан кейін гольф өкілдері (8) және боксшылар (7) бар. Бұл топ-50-дегі спортшылардың тек 17-сі ғана қазіргі уақытта кәсіби мансабын жалғастырып жатыр.
Фото: Getty Images.














