FIFA президенті Джанни Инфантино Иран ұлттық құрамасы жеребе тарту шарты бойынша 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысып, матчтарын АҚШ-та өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Al Jazeera.
Бұған дейін Иран АҚШ пен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты ойындарды Мексикаға көшіру мүмкіндігін қарастырған. Мексика президенті Клаудия Шейнбаум құраманы өз аумағында қабылдауға дайын екенін білдірді.
— Матчтар жоспарланған жерде өтеді, — деп атап өтті Джанни Инфантино Турцияда өткен Иран мен Коста-Рика арасындағы жолдастық кездесу кезінде.
Ол сондай-ақ команданың «мықты әрі турнирге дайын» екенін айтты.
Әлем чемпионаты 11 маусымда АҚШ, Мексика және Канадада басталады. Иран алғашқы ойынын 15 маусымда Жаңа Зеландияға қарсы Лос-Анджелесте өткізеді, кейін Бельгиямен (21 маусым, Лос-Анджелес) және Египетпен (27 маусым, Сиэтл) кездеседі.
Ирандық футболшылар жуырда Түркияда жолдастық матчтар өткізіп, 28 ақпанда Минаб қаласындағы мектепке жасалған әуе соққысы құрбандарын еске алды. Аталған шабуыл салдарынан кемінде 170 адам қаза тапқан.
— FIFA геосаяси қақтығыстарды шеше алмайды, бірақ біз футбол мен әлем чемпионатының күшін байланыстарды нығайту және бейбітшілікті қолдау үшін пайдалануға бел буып отырмыз. Қазір біздің ойымыз соғыстардан зардап шегіп жатқан адамдармен бірге, — деп қосты Инфантино.
Ол FIFA турнирді «жоспар бойынша» барлық командалардың қатысуымен өткізуді көздеп отырғанын атап өтті.
Бұған дейін Иранның спорт және жастар министрі Ахмад Доньямали мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында ел футболшылары АҚШ-та қауіпсіз болмайтынын айтып, құрама футболдан әлем чемпионатына қатыспайтынын ескерткен еді.
Фото: iran_footbal_federation.














