Аталған шешім футбол тарихындағы үлкен оқиғаға баланып, жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болып отыр. КАФ апелляциялық кеңесінің мәліметінше, финалдық матчтың нәтижесі жойылып, Сенегалға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс берілген. Осылайша, турнир қожайыны Марокко ресми түрде жеңімпаз атанды.
Мұндай шешімге сенегалдық ойыншылардың матчтың соңында төреші шешіміне наразылық білдіріп, алаңнан кетіп қалуы себеп болған. Марокко тарапы бұл әрекет ойын барысына айтарлықтай әсер еткенін айтып, КАФ пен ФИФА-ға шағым түсірген көрінеді.
Финалдық оқиға барысында белгіленген пенальти тек 90+24-минутта орындалған. Марокколық Браим Диас оны мүлт жіберіп, ойын қосымша уақытқа ұласқан. Онда сенегалдық Пап Гейе гол соғып, командасына жеңіс әкелген еді.
Осылайша апелляциялық кеңес Сенегал құрамасының әрекеті турнир регламентін бұзды деп танып, Марокконың шағымын қанағаттандырды. Сонымен қатар матчтағы түрлі тәртіп бұзушылықтар үшін тараптарға 50 мыңнан 100 мың долларға дейін айыппұл салынған. Бұл шешімнің қайта қаралатыны әзірге айтылмады.
Фото: Getty sport.














