Кезінде ойыншы болған, одан соң қазақ футболындағы белсенді функционер және даулы тұлғалардың біріне айналған Давид Лорияға қатысты сұрақ көп. Әрине, бізді оның жеке басы емес, отандық футболдың дамуына қосар үлесі мен ең бастысы – берер нәтижелері қызықтырады.
2019 жылы ойыншы мансабын аяқтай салысымен Лорияның қазақ футболының әкімшілік саласына бірден кірісіп кеткені белгілі. Ол «Астана» футбол клубының құрылымдарында, елорданың футбол федерациясында басшылық қызметтерде болды, сонымен қатар жастар футболын дамытуға бағытталған Super Bol жобасына қатысқан. Соңғы атқарған қызметтері – Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті және бас хатшысы лауазымы еді.
Өкініштісі сол, Лория мырзаны әзірге ешбір елеулі нәтижелері үшін мақтай алмайтын күй кешіп отырмыз. Қазақстанның футболы әлі де сол баяғы жүйелі проблемаларынан арыла алмады: ұлттық құраманың нәтижелері нашар, Қазақстан чемпионатының ойындарына бірен-саран кездесулерді айтпағанда, көрермен жиналмай, стадион толмайды, жас ойыншыларды дайындаудың тұрақты, жолға қойылған жүйесі әлі жоқ, Чемпиондар лигасына кездейсоқ өтіп кеткен «Қайраттан» басқа қазақ клубтарының бәрі еуропалық аренада жанкүйерлерін жерге қаратты. «Қайраттың» өзі жар дегендегі жалғыз ұпайын бір ойыншыға кем қалған Кипрдің «Пафосынан» жеңіле жаздап әрең алғаны есімізде. Турнирді -15 доп айырмасымен аяқтағаны қазақ футболының мүшкіл жайын білдірмей ме?
Лорияның Астана қаласының мәслихатында депутат болып, футбол мен саясатта қатар жүргені де сенімге селкеу түсіреді: ол футболды дамыта ма, әлде саясат жолында әкімшілік ықпалын күшейтумен айналыса ма? Бірден екі кеменің басын ұстағанының зардабын қазақ футболы тартпай ма?
Иә, футбошы ретінде Давид Лория қазақ футболының жарқын тұлғасы болды. Бірақ менеджер, басшы ретінде футболда жүргенінен әзірге қайыр болмағанын мойындайық. Ол қазақ футболындағы ең ықпалды адамдардың біріне айнала білді, бірақ елдегі футболдың өзі тура бұрынғыдай жүйелі дағдарысты бастан кешіруде.
Оның даулы тұлғаға айналуының астарында осындай қарама-қайшылықтар жатыр. Қанша тәжірибелі басшы болса да, ол футболдағы ескі жүйеден арылғысы келмейтінін, қазақ футболын шын прогресске жетелеуге жарамайтынын көрсетіп отыр.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы.














