Баршамызға белгілі, «ALAÑ» жобасы бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда бұл жоба республика көлемінде кеңінен іске асырылып келеді.
Мәселен күні кеше Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасының жүзеге асыруды жалғастырып, Аягөздегі орталық алаңды қайта жөндеуден өткізді. Яғни, Аягөз орталық стадионындағы ауқымды модернизациялау жұмыстары толық аяқталды. Енді алаңды пайдалана беруге болады.
25 қыркүйекте Аягөз алаңында италиялық сападағы халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Жаңартылған алаңды ашу рәсіміне Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев пен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қатысты. Жергілікті тұрғындар нағыз футбол мерекесіне куә болды.
Жобаның амбассадоры және ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар мен сыйлықтарды табыстады. Сонымен қатар Аягөз бен Семей командаларының жас тәрбиеленушілері арасында жолдастық кездесу өтті.
Бұл ретте, айта кеткен жөн, жаңа футбол алаңында Аягөз спорт мектебінің 300-ден астам жас футболшылары жаттығады деп жоспарланып отыр.
«Бұл стадион спорттық инфрақұрылымның дамуының керемет үлгісі және жас футболшыларға ерекше тарту. Аягөз тұрғындарының атынан ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов пен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке алғыс айтқым келеді. Стадионның қайта жаңғыртуы қаламыздың даму барысындағы үлкен қадам. Бұл алаң біздің спортшыларымыздың жаңа жетістіктерінің бастауы болатынына үміттіміз», — деді Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев салтанатты шарада.
Еске салсақ, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын «ALAÑ» бағдарламасын енгізді.
Үш жылға жоспарланған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Ал жобаның басты серіктесі – 1XBET букмекерлік компаниясы.
Жобаның басты мақсаты – футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«Біздің мақсатымыз стадионда тек алаңды жаңғырту ғана емес, сонымен қатар ауқымды жарыстар өткізу. Ең бастысы – бұқаралық спорт халыққа қолжетімді болуы керек. Біз бірінші кезекте моноқалалардағы спорттық инфрақұрылымды жақсартуды жоспарлап отырмыз. Аягөз – таланттар мекені, және мен осы өңірден болашақта танымал қазақстандық футболшылар шығатынына сенімдімін», — деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Жалпы, «ALAÑ» жобасының аясында 2023-2025 жылдары еліміздегі 20 футбол алаңын жаңарту жоспарланған. Бұған дейін Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл қалаларында және Жетісу облысындағы алаңдар пайдалануға берілді.
Келесі алаңның ашылуы 26 қыркүйек күні Өскемендегі «Восток» стадионында өтеді.