«Левантенің» 17 жастағы қазақстандық шабуылшысы Алдияр Нұрғали Испания жасөспірімдер чемпионаты аясындағы «Талавераға» қарсы матчқа қатысты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Астана» мен «Қайраттың» экс-футболшысы «Леванте» U-19 негізгі құрамында сол қанаттағы шабуылшы позициясында алаңға шықты. Қазақстандық ойыншы нәтижелі пас беріп, командасына алаң иелерінің қақпасына жеңіс добын соғуға көмектесті (1:0).
Осылайша, валенсиялықтар чемпионаттың аяқталуына тоғыз тур қалғанда турнир кестесінде көш бастап келеді. Нұрғалидің еншісінде барлық жарыстарды алғанда сегіз гол бар.
Еске салайық, жаңа маусымда Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы «Левантенің» негізгі командасымен жаттығуға мүмкіндік алады.
Фото: Алдияр Нұрғали.














