Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров «Қызылжар» ФК мен «MIGHTY SOLUTIONS» (МАЙТИ СОЛЮШИНС) ЖШС арасындағы жағдайға араласпайды, деп хабарлайды ASnews.kz.
Компанияның бас директоры Алма Хусаинова ҚФФ басшысының атына ресми хат жолдап, «Қызылжар» командасының Қостанай және Астана қалаларында тұруы мен тамақтануы бойынша көрсетілген қызметтер үшін пайда болған 9 852 420 теңге көлеміндегі қарыз мәселесін шешуге ықпал етуді сұраған.
ҚФФ Дауларды шешу палатасы Хусаиноваға тек футбол субъектілері (клубтар, ойыншылар, бапкерлер, әкімшілік құрам) арасындағы даулар ғана қаралатынын хабарлаған.
Айта кетейік, «MIGHTY SOLUTIONS» бас директоры Қазақстан футбол федерациясына қарыз толық өтелгенге дейін «Қызылжарды» 2026 жылғы чемпионатқа қатыстырмауды ұсынды.
ASnews.kz редакциясы осы жағдайға байланысты Марат Омаровтың баспасөз қызметіне хабарласқанымен, сауал жауапсыз қалдырылды.
Фотода: Марат Омаров.














