Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Қазақстан Премьер-лигасы 2026 жылғы маусымының күнтізбесін жасауға қатысты жеребе тарту рәсімі өтті.
Бұл іс-шара онлайн түрде жүргізіліп, оған ҚФФ басшылығы, барлық футбол клубының өкілдері, жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы күнтізбе құруға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірлеген Astana Hub резиденттері қатысты.
Жасанды интеллектті жарыстарды жоспарлау кезінде қолдану әлемдік тәжірибеде бар. UEFA еурокубок турнирлерінің жеребе тарту рәсімінде инновациялық технологияларды пайдаланады. Оған қоса көшбасшы футбол клубтары мен ұлттық құрамалар күнтізбені оңтайландыру, жүктемені басқару және ұйымдастырушылық үдерістердің тиімділігін арттыру мақсатында осындай цифрлық шешімдерді кеңінен қолданады.
Заманауи цифрлық құралдарды енгізу жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту жөніндегі міндеттер аясында жүзеге асырылып жатыр.
Күнтізбені қалыптастыру барысында алгоритм спорттық және ұйымдастырушылық факторлардың ауқымын ескерді. Атап айтқанда, стадиондардың қолжетімділігі, түрлі ауа райы, клубтардың еурокубоктарға қатысуы, FIFA-ның халықаралық күнтізбесі, үй және сырт алаңдағы матчтардың жоспарлануы, инфрақұрылымның жалпы жүктемесі, ірі қалалық іс-шаралардың өткізілуі, сондай-ақ жекелеген матчтарға қатысты қауіпсіздік мәселелері мен ерекше бақылау талаптары назарға алынды.
Премьер-Лига биылғы маусымының алғашқы турында «Ақтөбе» — «Тобыл» (Қостанай), «Алтай» (Өскемен) — «Қайрат» (Алматы), «Астана» — «Жетісу» (Талдықорған), «Атырау» — «Ұлытау» (Жезқазған), «Қайсар» (Қызылорда) — «Жеңіс» (Астана), «Қызылжар» (Петропавл) — «Каспий» (Ақтау), «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) — «Ертіс» (Павлодар) ойнайды.
Екінші турда «Каспий» — «Оқжетпес», «Елімай» — «Алтай», «Ертіс» — «Атырау», «Қайрат» — «Ақтөбе», «Қайсар» — «Астана», «Тобыл» — «Жетісу», «Ұлытау» — «Қызылжар», «Жеңіс» — «Ордабасы» кездеседі.
Ал үшінші турда «Ақтөбе» — «Елімай», «Алтай» — «Каспий», «Астана» — «Тобыл», «Атырау» — «Жеңіс», «Қызылжар» — «Ертіс», «Оқжетпес» — «Ұлытау», «Ордабасы» — «Қайсар», «Жетісу» — «Қайрат» шеберлік байқасады.
Алдағы маусымның толық күнтізбесі ҚФФ атқарушы комитетімен келісілгеннен кейін толық жарияланады.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы.














