«Генктің» 16 жастағы қазақстандық вингері Шахмұрат Дәулетов Бельгия жасөспірімдер чемпионаты аясында өткен «Мехеленге» қарсы матчта голмен көзге түсті, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қапталдағы шабуылшы алаңға алғашқы минуттардан шығып, бельгиялық клубтың «Мехеленді» 4:2 есебімен жеңуіне көмектесті. Қазақстандық футболшы соққан доп оның турнирдегі төртінші голы болды.
Осылайша, «Генк» 27 ұпаймен біріншілік кестесінің бірінші сатысына бекініп алды. Бұған дейін команда басты қарсыласы – «Андерлехтті» ұтқан болатын (2:0).
Дәулетовтің еншісінде барлық жарыстарда 12 гол және бес нәтижелі пас бар. Өткен жылы ол УЕФА Жастар лигасында дебют жасаған еді.
Еске салайық, «Қайрат» академиясының бұрынғы ойыншысы Бельгияда құжаттарын заңдастыру процесінен өтіп жатқандықтан, әзірге Қазақстан құрамасына шақырыла алмайды. Тұруға ықтиярхат алу үшін оған ел аумағынан шығуға тыйым салынған.
Фотода: Шахмұрат Дәулетов.













