Франция астанасы Парижде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысында Қазақстан қоржынына екі қола жүлде түсті.
Жарыстың екінші күнінде Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) үздік үштіктен көрінді.
Қола медаль үшін белдесуде Абылайхан Аустрия спортшысы Бернд Фасчинді жарыстан шығарды.
Айта кетсек, бұл – отандасымыздың әлемдік Grand Slam жарысындағы жетінші жүлдесі. Бұған дейін ол 1 күміс, 5 қола жүлдеге қол жеткізген еді.
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылы 15 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастаған. Қазір дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған. Ол 2022 жылғы Азия ойындарында қолаға қол созды.
Ал Нұрлыхан жұбаныш финалында нидерландтық Катарина Симеонды жеңді. Тартысты кездесу голден скорге дейін созылды. Қосымша уақытта Нұрлыхан вазари ұпайын еншілеп, Қазақстан қоржынына үшінші қола жүлдені салды.
Нұрлыхан Шархан 2000 жылы 18 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол – дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2023 жылы Ханчжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париждегі «Grand Slam» турнирінде үздік үштіктен көрінді. 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль алды. Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.
Бұл күні Абылайхан мен Нұрлыханнан өзге ел құрамасынан Әділет Алмат (81 келі), Айдар Арапов (90 келі), Марат Байкамуров (100 келі), Ғалымжан Қырықбай (100 келіден жоғары) бақ сынады.
Еске салсақ, турнирдің алғашқы жарыс күні, 7 ақпанда ел құрамасынан Аман Бақытжан (60 келі) қола жүлдегер атанды.
Беделді бәсекеде Қазақстан құрамасынан 60 келіде Шерзод Давлатов, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Бауыржан Нарбаев, 73 келіде Есет Қуанов пен Дастан Шаяхметов жарыс жолын ерте аяқтады.
Айта кетейік, жаңа спорт маусымының алғашқы әлемдік рейтингілік турниріне 78 елден 488 дзюдошы бақ сынап жатыр.
Фото: ҰОК.














