Ресейлік қорғаушы Егор Сорокин күзде алматылық «Қайраттан» кету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қазақстан чемпиондары Сорокин кеткенге дейін-ақ оның орнын басатын ойыншы іздеуге кіріскен. Атап айтқанда, украиналық Иван Ордецпен келіссөздер жүргізілген, кейін бразилиялық Лукас Африкоға келісімшарт ұсынылып, ол команда қатарына қосылды.
Сенімді дереккөздердің мәліметінше, өткен жылдың соңында «Қайрат» 2025 жылғы чемпиондық үшін және Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққаны үшін берілетін сыйақы мөлшерін қысқартқан. Осыған байланысты бірқатар легионерлер клубтан кету туралы шешім қабылдаған. Олардың қатарында негізгі құрамда тұрақты түрде ойнаған Егор Сорокин, Офри Арад және Валерий Громыко бар. Ал Гиорги Зария мен Юг Станоев ойын тәжірибесін көбірек алу мақсатында командадан кеткен.
Клуб Чемпиондар лигасында тапқан қаражатына тағы бір академия салуды жоспарлап отырғаны белгілі.
Сорокиннің Ресей премьер-лигасында ойнауға мүмкіндігі болғанымен, ол мансабын Қытайдың «Чэнду Жунчэн» клубында жалғастыруды жөн көрді. «Қайрат» сапында бір жарым маусым ойнаған Егор Сорокин алматылық ұжымда 54 матч өткізіп, екі гол соғып, екі нәтижелі пас берген.
Фото: Егор Сорокин.














