Шотландиялық The Scottish Sun басылымының тілшісі Роберт Мартин ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковтың «Хартстың» соңғы матчтарына қатыспау себебін түсіндірді.
«Маған оның ойынға қажетті бабын жинау үшін «шағын маусымалды дайындықтан» өтіп жатқанын айтты.
Меніңше, ол құрамға жақын арада оралады. Бәлкім, ертеңгі матчқа («Сент-Мирренге» қарсы – ред.) қатыспайтын шығар, бірақ келесі аптадан бастап нақты оралады», – деді Мартин.
3 ақпаннан 4 ақпанға қараған түні «Хартс» қонақта «Сент-Мирренге» қарсы ойнайды.
Бұған дейін «Хартс» бас бапкері Дерек Макиннес Чесноковқа қарқынды британдық футболға бейімделу үшін уақыт қажет екенін айтқан болатын.
Еске салайық, «Тобылдың» экс-ойыншысы шотландық клуб сапында 17 қаңтарда Кубок аясында «Фалкиркке» қарсы матчта дебют жасаған еді. Ислам алаңға қосалқы құрамнан шығып, пенальти алып бергенімен, команда 11 метрлік серияда жеңіліп қалды (4:5).
Қазіргі уақытта «Хартс» Шотландия чемпионатында бірінші орында тұр.
Фото: Ислам Чесноков.














