«Валенсия» академиясының 14 жастағы шабуылшысы Ғабидолла Оразалы Испания жасөспірімдер чемпионаты аясындағы «Лакросс Бабельге» қарсы матчқа қатысты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Вингер жарыс кестесінде 11-орында тұрған «Лакросс Бабельге» қарсы біріншіліктің 20-турындағы ойында «жарғанаттардың» негізгі құрамында алаңға шықты. Голдардың бірін соққан қазақстандық ойыншы қарсыластың тас-талқанын шығаруға (ірі жеңіске) өз үлесін қосты – 4:0.
Бұл Оразалы үшін қатарынан соғылған бесінші гол болды. Бұған дейін ол «Кельме» (3:1), «Эльче» (3:0), «Эркулес» (5:0) және «Ла-Нусия» (3:0) қақпаларын дәл көздеген еді. «Валенсия» қоржынында қосалқы бір ойыны бар бола тұра, «Вильярреалды» артта қалдырып, чемпионатта көш бастап тұр.
Айта кетейік, осы айда жас шабуылшы Испания аймақтары арасындағы турнирде де «алтын» жеңіп алды. Финалда Валенсия қауымдастығының құрамасы Каталониядан басым түсті (2:0).
Фотода: Ғабидолла Оразалы.














