Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров мұхиттың арғы бетінде дайындық жұмыстарын бастады, деп хабарлайды penalty.kz.
Қазір Жанқош Тұраров (29-0, 20 КО) Невада штатындағы Лас-Вегаста жүр. Боксшы әлеуметтік желідегі Instagram парақшасында осы сапардан фото және бейнематериалдар жариялады.
Сондай-ақ стористе Тұраровтың командасымен бірге жаттығу жасап жатқан сәті көрсетілген. Бейнежазбада ол өзінің жаттықтырушысы Сағатбек Мұсахановпен және Балауса Мұздыманмен бірге АҚШ-тағы бокс залдарының бірінде дайындалып жатыр.
«Алланың қалауымен Қазақстанның туын көтеру мақсатында Лас-Вегасқа келдік», — деп жазды Жанқош Тұраров әлеуметтік желідегі жазбасында.
Жекпе-жек туралы ақпарат жоқ
Еске салайық, Жанқош былтыр қазан айында алдағы жекпе-жегі жақын арада жарияланатынын айтқан. Бірақ содан бері боксшының келесі қарсыласы немесе кездесу өтетін орын туралы нақты мәлімет әлі хабарланған жоқ.
Боксшы соңғы рет 2025 жылдың 5 қыркүйегінде рингке шыққан. Сол кездесуде филиппиндік Али Канегимен (12-2-1, 8 КО) жұдырықтасты. Жекпе-жек толық 12 раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жанқоштың жеңісімен аяқталды.
Фото: instagram/@zhankoshturarov.














