Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауы бойынша В сынамасының нақты нәтижесі шығардан бұрын жанкүйерлерге пікір білдірді.
Бұл жөнінде боксшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
— Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым оларға қосылмай, жатқа жығып бермей, қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен. Менің бір қуанатыным, бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын! Мен қазаққа болысатын, қазақ үшін жаны ауратын, қазаққа жақтасатын жанкүйер жинаппын. Менің жанкүйерлерім тек көк туды желбіреткенде ғана қасымнан табылатын емес, қиындықта да қолдайтын жанкүйер екен! Бұл түсіне білгенге спортшы үшін үлкен бақ, — деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы желтоқсан айындағы кезекті жекпе-жегі алдындағы допинг тестінен өтпей қалды.
Ол жөнінде спортшының өзі пікірін білдірді.
— Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер, — деді ол.
Фото: No Limit Boxing.














