Қазақстанның екінші, әлемнің 105-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 59-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бетпе-бет келді.
Бұл матчта бразилиялық спортшы фаворит саналғанымен, Путинцева қайсарлық таныта білді.
Бірінші партияда Хаддад Майя 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Юлия есе қайырды — 7:5.
Үшінші, шешуші сетте Путинцева 1:3 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді алды — 6:3.
Екі сағат 53 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 3 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Бразилиялық теннисші 1 эйс, 5 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 20-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 58-сатыдағы франциялық Эльза Жакемомен таласады.
Аустралия ашық чемпионаты әйелдер арасында жекелей сында 18-31 қаңтар аралығында өтеді. Жүлде қоры — 74,9 млн АҚШ доллары. Өткен жылы финалда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенконы 6:3, 2:6, 7:5 есебімен ұтқан америкалық Мэдисон Киз чемпион атанған еді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина төртінші айналымда дәл осы М.Кизге жол берген болатын. Ал Ю.Путинцева үшінші айналымға дейін жеткен.
Бүгін сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик кортқа шығады. Ол рейтингіде 48-орындағы америкалық Дженсон Бруксбиді сынап көреді.
Өткен жылы алғашқы айналымнан аса алмаған А.Бублик биыл Гонконг турниріндегі титулынан кейін фавориттер қатарында атала бастады.
Фото: ҚТФ.














