“Барселонаның” жас жұлдызы Ламин Ямалдың әкесі Мунир Насрауи 2025 жылғы “Алтын доп” сыйлығының нәтижесіне көңілі толмайтынын айтып, өз пікірін ашық жеткізді. Оның айтуынша, әлемнің ең үздік ойыншысы Дембеле емес Ямал, деп жазады Аладоп.kz.
Биыл бұл беделді марапатты алғаш рет Усман Дембеле иеленді. Француз шабуылшысы “Париж Сен-Жерменге” тарихи маусым сыйлап, төрт бірдей трофей жеңіп алуға көмектесті, соның ішінде Чемпиондар лигасы да бар.
Ал Ламин Ямал барлық турнирде 18 гол соғып, 25 нәтижелі пас беріп, “Барселонаға” Ла Лига, Испания кубогы және Испания Суперкубогын алып берді. Дегенмен ол марапатта екінші орынмен шектелді.
Үшінші орынды “ПСЖ” жартылай қорғаушысы Витинья, төртінші орынды “Ливерпульдің” көшбасшысы Мохамед Салах иеленді.
Салтанатты кеште Ямал жеңісті сабырмен қабылдап, Дембелемен құшақтасып құттықтады. Бірақ оның әкесі Испандық El Chiringuito бағдарламасына берген сұхбатында эмоциясын жасырмады:
“Бұл ұрлық деп айтпаймын, бірақ адамға моральдық соққы болды. Ламин әлемдегі ең мықты ойыншы, ешкім оған жақындай алмайды. Бұл әкелік сезім ғана емес, бұл шындық.” – деді Насрауи.
Ол сонымен қатар келесі жылы ұлының “Алтын допты” жеңіп алатынына сенімді екенін айтты:
“Келер жылы бұл жүлде Испанияға келеді. Ламин – Ламин, оған тең келер ойыншы жоқ.” – деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетейік, Ламин Ямал қатарынан екінші рет “Kopa Trophy” (21 жасқа дейінгі үздік футболшыға берілетін марапат) иегері атанды.
Өз кезегінде Усман Дембеле марапатты Бразилия аңызы Роналдиньоның қолынан алып, қуанғаны сонша, сахнада көз жасын тыя алмады.