Өскемен және Ақтөбе қалаларында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты ІІІ кіші турының ойындары мәресіне жетті.
Өскеменде орталық матчта өткен жылғы чемпион «Жетісу» мен күміс жүлдегер, алаң иелері «Берел» шеберлік байқасты.
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бұл жолы да дес берген жоқ — 3:0 (25:20, 25:23, 25:10).
Осылайша, чемпионат басталғаннан бері ұтылмай келе жатқан «Жетісу» жеңіс сериясын 17 матчқа жеткізді. Қазіргі кезде талдықорғандық клуб 49 ұпаймен жекедара көш бастап келеді.
Солтүстікқазақстандық «Қуаныш» 45 ұпаймен екінші орынға орнықса, «Берел» (37 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр.
«Қуаныш» Ақтөбе қаласындағы үш кездесуін де жеңіспен аяқтады.
Биыл өз тарихында алғаш рет ел кубогын жеңіп алған «Тұран» (Түркістан) 24 ұпаймен төртінші сатыға табан тіреді. Бірақ оларды 23 ұпаймен «Қарағанды» өкшелеп келеді.
Біріншіліктің үшінші үлкен тур бәсекелері 27 қаңтар — 2 ақпан аралығында Өскемен қаласында өтеді.
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы.














