«Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович ATP рейтингісінде жылды әлемнің 4-ракеткасы ретінде қорытындылады.
Сербиялық теннисші маусымды әлемнің үздік төрт теннисшісі қатарында осымен 16-ыншы рет түйіндеп отыр.
Бұл көрсеткіш жөнінен Новак «Үлкен дулыға» турнирінің 20 дүркін жеңімпазы, швейцариялық Роджер Федерерді басып озып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Биылғы маусымда Новак Джокович барлық төрт «Үлкен дулыға» жарысының жартылай финалына дейін жетті. Женева мен Афиныда ATP 250 санатындағы додаларда үздік шықты.
Бірақ жарақатына байланысты Туриндегі жылдың қорытынды турниріне қатыса алмай қалды.
Туриндегі турнирде қосымша ойыншы ретінде тіркелген қазақстандық теннисші Александр Бублик бірде-бір ойынға қатыса алмаса да, 155 мың АҚШ доллары (81,3 млн теңге) көлемінде табыс тапты.
А.Бублик бүгін жаңартылған рейтингіде өзінің үздік көрсеткіші – 11-орнын сақтап қалды.
Фото: championat.com.














