Өз Отанының – Украинаның даңқын шығарған дара ұл. Оның патриот болмауы да мүмкiн емес-тi. Өйткенi әкесi сондай адам болған. ГДР-дағы кеңес әскери бөлiмдерiнiң бiрiнде қызмет еткен Николай Шевченко аяғы ауыр әйелiнiң айы-күнi таяғанда «баламның кiндiгi менің Отанымда кесiлуi керек» деп елге жiберген екен. Бiрақ Двиркивщина хуторында болашақ жұлдыз көп тұрақтамаған: бiр жасқа толған соң ата-әжесiмен бiрге Киевке көшiп келiптi. Сондағы №216-мектепте оқыған, сол кезден футболға қызыққан, ал 12 жасында жергілікті «Динамоның» балалар командасына қабылданып, түрлi жарыстарға қатыса бастаған. Сондай турнирдiң бiрiнен оралғанда сынып жетекшiсi Андрей туралы жазылған шетелдiк басылымның бетiне «Болашақ чемпионнан» деп қолтаңба қойып беруiн өтiнсе керек. Олай жазуға ұялған бала тек қолын қойып бере салады. Ендi ойлап көрiңiз: егер «Болашақ чемпионнан» деп жазып бергенде, бүгiнде сарғайып кеткен газеттегi әлгi қолтаңба аукционда қаншаға сатылар едi!
Еуропаның 2004 жылғы үздік футболшысы Андрей Шевченко бiр сұхбатында «футболды кәсiп ретiнде түсiнуіме себеп болған – 1988 жылы «Динамо» балалар командасы сапында Миланға барған сапарым» деп еске алады. 12-13 жасар жеткіншектер арасындағы турнирдiң финалында ойнаған ол сол кезде «қайтсем де, кейiн осы қалаға ораламын!» деп өзiне-өзi серт берiп, «Сан-Сиро» алаңының бiр жерiне советтің 5 тиынын көмiп кеткен деседi. Тиынның ары қарайғы тағдыры не болғаны белгiсiз, ал кейiпкерiмiздiң өз сөзiнде тұрғаны бүгiнде бәрiмiзге де мәлiм.
Алайда Украинадағы танымал балалар бапкерi Александр Шпаков болмағанда, бұл серттiң орындалу-орындалмауы неғайбыл едi. Көшеде доп қуған балақайлардың iшiнен Шеваның талантын дөп басып танып, «Динамоның» мектебiне алып келген ол ұлын ешқайда жiбергiсi келмеген Н.Шевченконы ұзақ үгiттепті.
– Әуелде мен Андрейдi жартылай қорғанысқа қойып жүрдiм, – деп еске алады А.Шпаков. – Соның өзiнде ол менiң көзiмдi ала бере алға шауып кете беретiн және әр шабуылды үнемi соққымен, нәтижелi аяқтайтын. Оның осы қырын байқаған соң, баланың нағыз орны алғы шеп екенiн бiлдiм. Бiрақ, бiр қызығы, бала кезiнде ол қатарластарынан аса артылып көзге түскен жоқ. Одан талантты балалар да болды. Есесiне, Андрейде ерiк-жiгер өте күштi едi. Алдына белгiлi бiр мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын.
1996 жылы араб елдерiнде өткiзген алты жылдық «iссапарынан» соң өзiнiң туған клубына Валерий Лобановский оралды. Кәнiгi маман көп ұзамай «Динамо» мен Шевченконы күллi Еуропаға танытты.
Рас, киевтiктерді Қарт құрлық бұрын да бiлетiн. Қалай дегенмен, еурокубоктарды үш рет (1975 – Суперкубок, 1975 және 1986 – Кубок иелерiнiң кубогы) ұтып алған ғой. Сол клубты даңқты бапкер ХХ ғасырдың соңында қайта түлеттi. 70-жылдары Блохин мен Буряктiң, 80-жылдары Беланов пен Заваровтың буыны жарқыраса, 90-жылдары Шевченко мен Ребров бастаған буынның айы оңынан туды. Динамошылар екi жыл қатарынан Еуропаны шулатып, әрқайсысы әлем құрамасы деуге лайық «Ювентус», «Арсенал», «Барселона», «Реал», «Бавария» секiлдi әйгiлi ұжымдармен терезесi тең өнер көрсетсе, осы ойындардың бәрiнде де нәтиженi 20-дан жаңа асқан Шева жасап отырды. «Ноу Камптағы» 100 мың жанкүйердiң көз алдында жасалған хет-триктiң өзi неге тұрады! Ал мақтаулы Мадридтiң қақпасына екi ойында үш доп соққан шабуылшының шеберлiгiне сүйсiнген италиялық «La Gazzetta dello Sport» тiптi өз репортажын «Шева «Реалдың» тас-талқанын шығарды» деген тақырыппен 1-бетiне бердi.
«Динамоның» сол кездегi капитаны Юрий Калитвинцев айтады:
– Андрей ол кезде ұяңдау бала еді. Жас болса да, сақа жiгiттерден артық ойнап жүрмiн деп кеуде кермейтiн. Бапкер мен ересек әрiптестерiнiң сыны мен ақылын мұқият тыңдап алып… бәрiбiр өз дегенiн iстейтiн. Оның бойындағы бiр керемет қасиет – гол соғуға деген ессiз құштарлық едi. Шабуылшыға ең керек қасиет осы ғой! Андрейдiң кейде бос тұрған әрiптесiне пас берудiң орнына үш қорғаушыны алдап өтуге тырысатын «ауруы» бар-тын. Бiз сол үшiн күйiп-пiсетiнбiз. Бiрақ ренжiмейтiнбiз, өйткенi ол көбінесе әлгiлердi сан соқтырып барып шынымен гол соғатын!
«Украина iнжуiн» 25 миллион долларға сатып алған «Милан» Шеваның бағын ашса, шабуылшы да өз командасын өрге сүйреді, «Милан» тарихындағы үздік сұрмергеннің бірі болды. Одан кейінгі «Челси», шынына келсек, оның командасы болмай шықты. ӘЧ-2006-да – екі гол, ЕЧ-2012-де – екі гол соққан Андрей Шевченко Украина құрамасы сапында 111 ойын өткізіп, 48 гол соғып, бутсысын шегеге ілді.
ШЕВА да 48 жасқа толды. Ол әлі де Украинаның даңқын шығара береді. Бапкер, бәлкім, спорт шенеунігі, функционері ретінде…
Сәкен Сыбанбай.