Алматыда «Қайрат» пен «Селтик» командалары арасындағы қарымта ойынның алдында баспасөз мәслихаты өтті.
26 тамыз күні Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Селтик» арасында УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңінің қарымта ойыны өтеді. Алғашқы кездесу Глазгода 0:0 есебімен тең аяқталды.
— Алдағы ойын – біздің клуб үшін, бүкіл Қазақстан үшін, қала мен жанкүйерлер үшін үлкен оқиға. Чемпиондар лигасы біздің қаламызға келгеніне өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен мереке. Жанкүйерлеріміздің қолдауына сенеміз, жақсы ойын көрсетіп, көрермендерімізді қуантқымыз келеді, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Сондай-ақ бас бапкердің айтуынша, ойынға «Қайраттың» кей ойыншылары қатыса алмайды: бірнеше ойыншы жарақат алған және 17 жастағы Дастан Сатпаев сары қағаз санының көптігіне байланысты бір ойынға шеттетілді.
— Иә, өкінішке қарай, бізде қиындықтар бар. Ойнамайтын жігіттердің әрқайсысы біз үшін маңызды еді. Бірақ оларды алмастыратын ойыншыларға сенеміз. Оларға өздерін көрсетуге мүмкіндік беріледі және олар осы мүмкіндікті пайдаланады деп ойлаймын, — деді ол.
«Қайрат» жаттықтырушысы команданың жас жұлдызы Сәтпаевтың бұл жағдайды ауыр қабылдағанын атап өтті.
— Ол қатты уайымдады. Білуімше, екі күн ешкіммен сөйлеспей қойды. Ол бәрін жақсы түсінеді. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетіп жатырмыз. Бірақ бұл — өмір, осы арқылы тәжірибе алып жатыр. Ол тек күшейіп келеді. Дұрыс қорытынды жасап, ары қарай жүру керек, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Бапкер команданың негізгі қақпашы Александр Заруцкийдің жағдайына да тоқталды. Оның маусым соңына дейін алаңға шықпайтыны туралы ақпаратты Рафаэль Уразбахтин жоққа шығарды. Қақпашы бұлшық еттің аздап созылуына байланысты шамамен бір айдай алаңға шықпайды.
Қарсылас жайлы пікір
Алматылық клубтың бапкері қарсыластың деңгейін жоғары бағалады.
— «Селтик» — деңгейі жоғары, топ команда. Бұл құпия емес: ол командадағы бір футболшы біздің бүкіл команданың құнымен тең тұрады. Сондықтан олардың әрбір ойыншысы біз үшін үлкен қауіп төндіреді. Жылдам әрі қауіпті шабуылдаушылары бар, әр позицияда білікті футболшылар ойнайды. Біреуді бөліп айта алмаймын — біз әр ойыншыдан сақтануымыз және «Селтикті» тұтас команда ретінде қабылдауымыз қажет. Барлығына мұқият қараймыз, — деді ол.
Сондай-ақ бапкер Алматыдағы матчта қарсыластың жігерлене ойнайтынын болжады.
— Меніңше, «Селтик» ойыншылары бізді өз алаңында аздап менсінбеген сыңайлы. Енді олар біздің ойынымызға басқаша қарайды. Басқа мотивациямен, басқа көңіл-күймен шығады. Олар бізді жеңу үшін келеді. Ал біз өз кезегімізде соған жол бермеуге тырысамыз және жеңіске жетуге тырысамыз, — деді ол.
Журналистер «Селтик» Қазақстанға бірнеше рет келіп, бірақ ешқашан жеңіске жете алмағанын (екі жеңіліс, бір тең ойын) еске салды. Бірақ бапкер бұл статистикаға мән бермейтінін айтты.
— Бұрынғы нәтижелерге сүйенудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ертең нақты матч, нақты командалар өз міндеттерін орындайды. Біз оған көп мән бермейміз. Барлығы ертең шешіледі, — деді ол.
«Қайрат» — «Селтик» матчында қауіпсіздікті 1,5 мың полиция қызметкері қамтамасыз етеді.
Фото: Kazinform.