Бірқатар өңірде спорт нұсқаушыларының саны азайып кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов айтты.
— Соңғы жылдары халық арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттайтын жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр. Жарқын мысал – «Аулафит». Бұл жоба азаматтарға нұсқаушылардың жетекшілігімен аулалар мен алаңдарда тегін жаттығуға мүмкіндік береді. Көптеген адам үшін бұл тұрақты түрде спортпен айналысудың алғашқы қадамы болды. Қазір елде 5 625 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді, оның 3 015-і — ауылдық жерде. Олар – бұқаралық спорттың негізгі қозғаушы күші. Бірақ кей өңірлерде нұсқаушылар саны азайды: Маңғыстау – 86 адамға, Қарағанды – 77 адамға, Ақтөбе – 35 адамға. Сонымен бірге Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында өсім бар, — деді Ербол Мырзабосынов.
Оның дерегінше, 2029 жылға қарай ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушыларын 4 000 адамға дейін көбейту жоспарланып отыр. Бұл тұрғындарды кеңінен қамтуға және спортты барлығына қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
— «Қолжетімді спорт» жобасы – скандинавиялық серуендеу, жүгіру, гимнастика, йога, фитнес, стритворкаут, шаңғы, үстел теннисі және басқа да бағыттарды қамтиды. Бұл жоба тұжырымдамада көзделген және барлық өңірде іске қосылуы тиіс. Алайда әзірге ешбір өңір оны бастамаған, — деді министр.
Фото: Kazinform.














