Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді.
Жаңа маусымға қазақстандық клуб жоғары деңгейде дайындалуға күш салды. Команда құрамына жаңадан ойыншылар келді. Олардың қатарында АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов келді.
Сондай-ақ өткен жылғы құрамнан Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де хоккейшілер жаңа маусымда «Барысты» күшейтуге тырысады.
Кездесу барысында командалар жылдам гол соғуға күш салды. Нәтижесінде «Трактор» сапынан Джош Ливо 5-минутта мергендік танытты.
Ойынның 8-минутында елордалық клубтан Аңсар Шайхмедденов таразы басын теңестірсе, Кирилл Савицкий 32-минутта өз командасын алға шығарды. Одан кейін ресейлік командадан 36-минутта Михаил Горюнов-Рольгизер өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Ал 52-минутта «Барыс» сапынан Тайс Томпсон гол соқса, оған ресейлік клубтан 57-минутта Пьеррик Дюбе таразы басын теңестірді. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Барыс» жеңіс шайбасын соқты. Осылайша алғашқы кездесуде қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.
Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда бұдан кейінгі екі ойынды елордада өткізеді. Алдымен 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Фото: sports.kz.