Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік команда алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Жан-Кристоф Боден 7-минутта мергендік танытты. Одан кейін екі команданың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді.
Екінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестірді. Бұл жолы Кирилл Панюков 39-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Барыс» сапынан Тайс Томпсон қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша елордалық клуб қарсыласынан овертаймда 2:1 есебімен басым түсті.
Қазірге дейін командалар 22 мәрте шеберлік байқасты. Оның 14-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласынан басым түсті.
Қазақстандық клуб бұдан кейін екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 21 қарашада Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын қабылдаса, 23 қарашада «Авангард» (Омбы) клубымен шеберлік байқасады.
Фото: «Барыс» ХК.














