Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 21:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Биыл «Барыс» он кездесудің үшеуінде басым түсіп, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татты.
Ал «Ак Барс» он кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 12 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Ак Барс» 13 ұпаймен 11-орында келеді.
Елордалық клуб тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 9 қазанда Ресейде «Трактор» (Челябі) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды.
Фото: «Барыс» хоккей клубы.