«Астана» мен Конго ДР құрамасының бұрынғы шабуылшысы Жуниор Кабананга ASnews.kz сайтына берген сұхбатында кәсіби мансабын аяқтағанын растады.
«Қазір мен футбол ойнамаймын, тек жас ойыншыларға жеке жаттығулар өткізіп жүрмін. Қазақстан Премьер-лигасын бақылаймын ба? Әрине, маған жақсы таныс чемпионат туралы жаңалықтарды әлі күнге дейін оқып тұрамын», – деді 36 жастағы африкалық футболшы.
Кабананга Премьер-лигада 67 матчта 25 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген. Ал еурокубоктарда тоғыз рет көзге түсті, оның ішінде «Олимпиакос» пен «Вильярреал» қақпасына гол соқты.
Конголық шабуылшы – Қазақстанның бес дүркін чемпионы және Кубок иегері. «Астанадан» бөлек ол бельгиялық «Андерлехт», түркиялық «Қарабюкспор», сауд арабиялық «Әл-Наср» және «Мақтаарал» клубтарында өнер көрсеткен.
Бұған дейін елордалық клубтың тағы бір бұрынғы легионері Роджер Каньяс та ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағанын мәлімдеген болатын.
Фотода: Жуниор Кабананга.














