«Генк» академиясының 16 жастағы вингері Шахмұрат Дәулетов Бельгияның жасөспірімдер чемпионатында «Брюггеге» қарсы матчқа қатысты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қазақстандық футболшы ел біріншілігінің 16-туры аясындағы «Брюггеге» қарсы ойында алаң иелерінің негізгі құрамында шықты. Алаңда 69 минут өткізген 7-нөмірлі ойыншының бір соққысы қақпа бағанасына тисе, оның тағы бір соққысынан кейінгі рикошеттің арқасында «Генк» жеңіс голын соқты (1:0).
Принципті қарсыласын жеңген Лимбург клубы турнирлік кестедегі бірінші орнын нығайта түсті. Чемпионаттың аяқталуына алты тур қалғанда, олар ең жақын қуғыншысы саналатын «Андерлехттен» алты ұпайға озып тұр.
Қоса кетейік, Дәулетов Милош Керкез және Андре Онана сияқты танымал футболшылардың мүддесін қорғайтын LIAN Sports Group агенттігінің клиенті атанды.
Фотода: Шахмұрат Дәулетов.














