Түркия клубтарымен тығыз жұмыс істейтін тәжірибелі футбол агенті Кова Тилавпур Қазақстандық ойыншылардың Түрік Суперлигасына ауысу мүмкіндігіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында ол көрші елдің скауттары кімдерді бақылап жүргенін атап өтті.
Агенттің айтуынша, Tүрік клубтары үшін Қазақстандық және Өзбекстандық ойыншыларға деген сұраныс легионерлерге қатысты лимит жеңілдеген тұста (түркітілдес елдерден бір футболшыны легионер есептемей шақыру мүмкіндігі) ерекше артқан. Дегенмен, бұл ереже ұзаққа созылмаса да, Орталық Азия нарығына деген қызығушылық бәсеңдемеген.
Тилавпур Түркияның жоғарғы дивизионындағы клубтар, ең алдымен, Ресей Премьер лигасында өнер көрсетіп жүрген Қазақстандықтарды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, жақын арада мына ойыншылар Түркия чемпионатына ауысуы мүмкін:
– Нұралы Әліп («Зенит»)
– Максим Самородов («Ахмат»)
– Ғалымжан Кенжебек (“Ахмат»
Агент тек Суперлига емес, Түркияның Бірінші лигасы да біздің футболшылар үшін жақсы трамплин екенін айтты. Бұған мысал ретінде жақында ғана «Серикспор” клубына ауысқан Лев Скворцовты тілге тиек етті.
«Егер Әліп немесе Самородов секілді ойыншылардың Түркияға көшкенін естісеңіз, таңғалмаңыз. Бұл елдер арасындағы футбол байланысы жақсы жолға қойылған.” — деп түйіндеді Кова Тилавпур.













