Гранд-турнир сәрсенбі күні таңертең әйгілі «Альберт-холл» аренасында басталды. Хируки Кимбодзан лақапатымен танымал Балтағұл жарыстың алғашқы белдесуінде Мидорифудзи Казунариді айқын басымдықпен жеңді.
Қазақ балуанының қарсыласы одан 20 сантиметрге аласа және шамамен 60 келіге жеңіл болды. Кимбодзан қарсыласын татамиден сыртқа шығарып, залдағы көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Айта кетсек, жапониялық элиталық сумошылар әдетте тек өз елінде өнер көрсетеді. Әлемге танымал бұл спорт шеберлері шетелге соңғы рет 34 жыл бұрын, дәл осы Лондонда шыққан болатын.
Турнир 19 қазанға дейін жалғасады. Оның қорытындысында үздік балуан анықталып, арнайы марапаттар табысталады.
Ерсін Балтағұл деген кім?
Қазақстандық сумошы 18 жасынан бері Жапонияда тұрады. Балалық шағында ол қазақша күреспен және дзюдомен шұғылданған.
2019 жылы Ерсін Балтағұл жастар арасында Жапонияның сумо чемпионы атанды. Осылайша, қазақ балуандарының арасында алғаш болып осындай жетістікке жетті.
Ал 2025 жылдың қаңтарында Кимбодзан әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі – Император кубогында үшінші орынға ие болды. Бір кезеңде ол турнирде бірде-бір жекпе-жекте жеңілмеген жалғыз балуан болған, ал бас жүлденің тағдыры тек үш балуанның қосымша белдесуінде шешілген.
Фото: әлеуметтік желіден.