Алматылық «Қайраттың» 18 жастағы жартылай қорғаушысы Азамат Тұяқбаев мұрнына ота жасатты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Алматылық клубтың түлегіне септопластика жасалған – бұл мұрын арқылы тыныс алуды қалпына келтіруге бағытталған операция. Маусым бойы ол алаңдағы жоғары қарқынға төтеп беру үшін арнайы тамшы қолдануға мәжбүр болған.
Тұяқбаев «Қайрат» командасымен бірге Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барады деп күтілуде. Бірақ ол жақта жеңілдетілген режимде жаттығу жасайды.
Вингер позициясында да ойнай алатын жартылай қорғаушы өткен маусымда Рафаэль Уразбахтиннің командасында дебют жасаған еді. Ол «Қайраттағы» ең дарынды футболшылардың бірі саналады, соңғы кездері оған еуропалық клубтар көз тігіп отыр.
Тұяқбаев өткен маусымда бес матчқа қатысып, бір гол соқты. Сондай-ақ УЕФА Жасөспірімдер лигасының төрт ойынында үш нәтижелі әрекетпен көзге түсті.
Фото: Азамат Тұяқбаев.














