– Алматыға «Реал» келеді. Қаладағы Орталық стадион мұндай үлкен ойындарды қабылдауға қаншалықты дайын?
– Ашық айтайын: біздің Орталық стадионның жағдайы көңіл көншітпейді. «Челси» келген кездегі сынды бәріміз естідік. Көрермен орындықтары ескі, төбесі құлап жатыр деп ренжіді. Рас, инфрақұрылым тозған, косметикалық жөндеумен ғана шектеліп келеміз. Стадионға шамамен алпыс жыл болды. Әлемде мұндай жасқа жеткен спорт нысандары сирек, көп елдерде 30 жылдан кейін-ақ жаңа арена салып жатады.
Әкімдік жаңа стадион салу жоспарын жариялады. Жер телімі бөлінді, 35 мың орындық арена тұрғызу ойда бар. Егер бәрі жоспардағыдай болса, екі-үш жылда пайдалануға берілуі мүмкін. Қала басшылығы Орталық стадионды бұзып тастамаймыз, күрделі жөндеуден өткіземіз деп жатыр. Ол да дұрыс, қалада бірнеше стадионның болғаны жақсы.
Қазақстандағы жалпы спорт инфрақұрылымына баға берсек, жағдай мәз емес. Ел көлемінде бірнеше-ақ стадион заманауи стандартқа жауап береді. Осының өзі бізде футбол инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетеді.
– «Қайраттың» Еуропадағы мүмкіндіктеріне тоқталсақ. Команда қанша ұпай жинай алады деп ойлайсыз?
– Чемпиондар лигасы – оңай дода емес. Мәселен, былтыр португалиялық «Спортинг» бар болғаны 11 ұпаймен плей-оффқа шыққан. Ал менің болжамым бойынша «Қайрат» 12 ұпай ала алады. Әрине, «Реал Мадридпен» бәсекелесу қиын, бірақ өз алаңында сенсация жасап, тең ойнап қалудың өзі үлкен жетістік болар еді.
Егер «Қайрат» топтағы мықты клубтардан ұпай ала білсе, бұл тек футболшылардың ғана емес, бүкіл қазақстандық жанкүйерлердің рухын көтереді. «Қайрат» қорықпай, ұйымдасып ойнаса, плей-офф кезеңіне шығуға әбден мүмкіндігі бар. Іріктеу кезеңдерінде қолдарынан не келетінін көрсетті, бұдан былай да қарсыластарынан қаймықпауы керек. Меніңше, «Спортингпен» тең ойнауға болады. «Арсенал», «Интермен» сырт алаңда кездесеміз, сондықтан мүмкіндік аз, өз алаңымызда өтетін матчтарда ұпай алып, жеңіске жетуге тырысу керек.
– Қазіргі «Қайраттың» ойыны мен жанкүйерлердің қолдауын қалай бағалайсыз?
– «Қайрат» өзінің ең жоғары деңгейіне қайта оралды деуге болады. Кеңес заманында біздің басты командамыз еді. Ол кезде одақ біріншілігінде алтыншы орын алған сәттері болған. Ал бүгінде «Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнап, Еуропаның алып клубтарымен кездесіп жатыр.
Жанкүйерлердің қолдауы да күшейіп келеді. Алматыдағы соңғы ойыннан кейін көшеде халық таңға дейін қуанып жүрді. Жастар да, үлкендер де жеңісті бірге атап өтті. Бұл – қазақ футболына деген сенімнің қайта оралғанының белгісі.
– Сіздіңше, неге Қазақстанның басқа клубтары «Қайрат» сияқты нәтиже көрсете алмай жүр?
– Мәселе қаражатта емес, менеджментте. Мысалы, «Қайрат» негізгі кезеңге шыққаны үшін 12,5 миллиард теңге табыс тапты. Бұл – үкіметтің көмегінсіз, таза еңбегімен келген табыс. Басқа клубтарда да ақша бар, бірақ нәтиже жоқ.
Себебі олар кәсіби басқаруды жолға қоя алмай отыр. «Қайрат» секілді академия салып, балалар футболына көңіл бөлмейді. Керісінше, сапасыз легионерлерді әкеліп, уақытты босқа өткізеді.
Осы тұрғыдан алғанда, біздің клубтарға басшылық қызметке кәсіби мамандар керек. Егер мемлекет қаржы бөліп отырса, нәтиже сұралуы тиіс. Өкінішке қарай, клубтарымыз жыл сайын Еуропа додаларынан ерте шығып қалса да, басшылары өз орнында отыра береді. Бұдан былай сұрау болады деп ойлаймын.
– Бұған дейін де жағдай өзгереді деп сендік, бірақ клубтардың еурокубоктардағы тәуір өнері бір маусымнан аспайды. «Баяғы жартас – сол жартас»…
– Бұл жолы 100 пайыз өзгеріс болады. «Қайрат» ақша табуға болатынын дәлелдеді, үкіметке қол жайған жоқ. «Реалмен» ойынды президент арнайы барып көруі де мүмкін. Сол кезде футбол, инфрақұрылым мәселесі тағы көтеріледі. Нақты талап қойылады деп ойлаймын.
Чемпиондар лигасында әр жеңіс, тең ойын үшін тағы бонустар қарастырылған. Одан бөлек жарнама, трансляциялар тағы бар. Ол қыруар қаржы, «Қайрат» мықты ойыншылар сатып алып, құрамын күшейте түседі. Сондықтан бұл жетістік бір маусыммен шектеледі деп ойламаймын.
– «Қайрат» сапындағы жас ойыншылар жайлы не айтар едіңіз. Дастанды «Челси» сатып алды. Одан бөлек тағы кімдер еуропалық ұжымдарға кетуі мүмкін?
– Жақында өткен матчта академиядан шыққан алты қазақ баласы алаңға шықты. Бұл үлкен жетістік. Әсіресе қақпашы Темірлан Анарбеков бір күнде жұлдызға айналды. Мұндай мүмкіндік жиі берілмейді. Енді ол өзін тұрақты түрде дәлелдей алса, еуропалық клубтардың назарына ілінері анық.
Дастан Сәтбаевтың «Челси» академиясына ауысуы – үлкен жетістік. Бұл оның ғана емес, бүкіл қазақ футболының жетістігі. «Қайратта» осындай талантты балалар әлі көп. Бастысы, әр берілген мүмкіндікті пайдалануы қажет
– Шетелге кету мәселесіне тоқталсақ. Біздің ойыншылар қайда баруы керек деп ойлайсыз?
– Ресей не Беларусь чемпионаттарына барғанын құп көрмеймін. Бізге Еуропаға шығу керек. Жақсы ойнаған футболшыны үлкен клубтар байқайды. Мысалы, Темірлан сияқты қақпашыларға сұраныс көп. Тек бір матчпен шектеліп қалмай, өзін әрдайым көрсетіп отыруы қажет. Сонда ғана үлкен футболға жол ашылады.
Дереккөз: 1bol.kz.
Фото: Әлеуметтік желіден.