Отандық маман Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» тілшісімен сұқбаттасып, «Қайраттың» ЧЛ 2-іріктеу кезеңіндегі жауапты кездесудегі мүмкіндігін бағалап, болжамын айтты.
— Болат Жолдасұлы, «Қайрат» ЧЛ қарсаңында «Тобылды» ұтты. Осы ойын туралы не айтасыз?
«Тобыл» биылғы маусымда бір-ақ рет ұтылды. Ол кезде де «Қайраттан» жеңілген болатын. Сәуірден бері ұтылмай келе жатқан. Оның үстіне қостанайлықтар өз алаңында бәрінен басым түсіп келген еді. «Тобыл» да «Қайрат» та негізгі құрамдарын шығарды. Меніңше, алматылық клубта «бір конкурентты құрту керек» деген мақсат болды. Сол үшін ұтуға барын салды. «Қайрат» бір бас жоғары ойнады, алаң иелері ештеңе істей алған жоқ. Ойындары дұрыс жүрмеді. Екі команда да шабуылға көңіл бөледі. Қостанайлықтар сапында, алматылықтардың қатарында да мықты шабуылшылар бар. Бірақ, «Тобыл» алдыңғы шепте ештеңені іске асыра алмады. Матчтың есебін әділ деп айтуға болады.
— Ертең, Алматыда қандай нәтиже күтесіз, «Қайраттың» мүмкіндігі бар ма?
— Тең ойнауға болатын жерде, ұтылып қалды. Енді алматылық клубқа қиын болады. Финляндиялық команда сапында басым бөлігі жастар, тәжірибелі екі-үш легионерлері бар. Кезінде өзім Финляндияда ойнадым, олар өліспей-беріспейтін жігіттер. Финдарда физика жағы да жақсы, жылдам келеді. Командалық ойында мықты, жекелеген күресте де ешкімге дес бермейді. Ірі есеппен ұтылып жатса да соңына дейін күреседі. Сондай менталитет — Викинг дейді оларды. Бірақ, «Қайрат» өз алаңында ұтуы керек. Меніңше, бірінші тайда бір-екі гол салып алса, ары жағы жеңіл болады. Оның үстіне «КуПС-тың» сырт алаңдағы ойыны нәтижелі емес. Финляндия чемпионатын қарап отырсаңыз да, тең ойнайды, төмен келе жатқан командадан ұтылып қалатыны байқауға болады. Олардың Алматыға чартерлік емес, кәдімгі рейспен келетінін де естіп қалдық. Бұл жайт та жауап ойынға өз әсерін тигізуі мүмкін. Бірнеше жерде аялдайды, команда біраз шаршап келеді деп ойлаймын. Бір жағынан бізде Алматының биікте орналасуы да әлсіретеді. Одан кейін, әрине өз алаңы мен жанкүйерлер факторын ұмытпау керек – өткендегі словениялық командаға қарсы ойындағыдай 20 мың жанкүйер жиналса, сол бір аура «Қайратқа» көмектеседі. «Қайрат» бұл командадан өтуі керек. «Тобылға» қарсы ойын «Қайраттың» әлеуетін көрсетті. Бірақ, «КуПС-қа» қарсы мүлде басқа ойынды көреміз. Финдар көп жағдайда қорғаныс арқылы ойнайтын шығар. 2 гол басымдығын сақтаймын деп анда-санда қарымта шабуылдарға шығуы мүмкін. Бұл матчта гол салатын мүмкіндік көп болады. Соларды іске асыру керек. Қарсыластың қорғанысы керемет емес. «Қайрат» ұтып, үшінші кезеңге шығады деп ойлаймын.
— Сұқбатыңызға рахмет!
— Сіздерге де!