Футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Ордабасы» (Шымкент) — «Атырау» матчына қазылық еткен Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудоваға қатысты шешім қабылданды.
Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, аталған төрешілер ұлттық жарыстар аясындағы матчтарда қызмет көрсетуден уақытша шеттетілді.
— Бұл шешім Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында жіберілген бірқатар өрескел әрі маңызды қателіктерге байланысты қабылданды. Аталған қателіктер матч нәтижесіне әсер етті. Олардың алдағы мәртебесіне қатысты түпкілікті шешім ҚФФ-ның құзыретті органдары тарапынан жан-жақты тексеріс жүргізілгеннен кейін қабылданады, — делінген ресми ақпаратта.
«Ордабасы» — «Атырау» матчында 82-минутта атыраулықтар соққан екінші голды бас төреші Санжар Ысқақов VAR-ды қарағаннан кейін есептемей қойған еді. Егер есептелген жағдайда «Атырау» 2:0 есебімен алға шығатын еді. Оған қоса 97-минутта төреші атыраулықтар қақпасына пенальти белгілеп, шымкенттіктер есепті теңестіріп кетті. Бұл шешімнің де қате болғаны кейін мойындалды.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы.














