Автордың ерекше наразылығын Өзбекстанның олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковтың ресейлік Всеволод Шумковтан жеңілуі туғызған.
«Абдумалик Халоков (-60 кг) ресейлік Всеволод Шумковқа төрешілердің қақ жарылған шешімімен (3:4) жеңілді. Есепке назар аударыңыз. Ереже бойынша жекпе-жекті бес қапталдан төреші бағалайды, сол арқылы даулы жағдайда жеңімпаз анықталуы тиіс. Ал бұл жолы тағы екі төреші қосып, олимпиада чемпионы әрі екі дүркін әлем чемпионының жеңілісін «ақтауға» тырысқан. Бұл – нағыз цирк», – деп жазды Камалов.
Сондай-ақ ол 1/8 финалда қазақстандық боксшы Ерасыл Жақпеков пен ресейлік Джамбулат Бижамов арасындағы жекпе-жекте қабылданған даулы, тіпті кей сарапшылар «жанжалға толы» деп бағалаған шешімге назар аударды. Бұл жағдай жеребенің әрі қарайғы барысына тікелей әсер еткен.
Аталған кездесуде Жақпеков үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жібергенімен, төрешілер жеңісті Бижамовқа берді. Кейін ол финалда өзбекстандық Жавохир Умматалиевті жеңіп, әлем чемпионы атанды.
«Жавохир Умматалиев (-80 кг) ресейлік Джамбулат Бижамовтан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңілді. Бұл – Ерасыл Жақпековпен болған жекпе-жекте төрешілер «құлағынан сүйреп» шығарған сол Бижамов. Пікір қалдырудың өзі артық. Әйтпесе Умматалиев пен Жақпеков арасындағы әдемі финалды көрер едік», – деп қосты журналист.
Камалов ауыр салмақтағы жекпе-жектерді де назардан тыс қалдырмады:
«Ал ары қарай бәрі алдын ала жазылған сценарий бойынша өтті. Турабек Хабибуллаев (-92 кг) ресейлік Муслим Гаджимагомедовтан, ал Арман Маханов (+92 кг) тағы бір ресейлік Давид Суровтан жеңілген болып жарияланды. Айтар сөз жоқ», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатының медальдық есебінде Ресей құрамасы топ жарды: 7 алтын, 5 күміс және 1 қола. Екінші орынға Қазақстан (3 алтын, 1 күміс, 2 қола), үшінші орынға Өзбекстан (2 алтын, 4 күміс, 3 қола) ие болды.
Жарыс жеңімпаздарына 300 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, қола медаль иегерлеріне 75 мың доллар, ал ширек финалға шыққан боксшыларға 10 мың доллардан сыйақы қарастырылған.
Фото: t.me/boxinguzbekistan.













