Футболда «неміс машинасы» деген тіркес бар. Бұл – қарқынына төтеп берер қарсылас таба алмай, талай жеңіске қол жеткізген Германия ұлттық құрамасының лақап аттарының бірі.

Дәл қазір осы сөзді «өзбек машинасы» деп өзгертіп, көрші елдің спортына қатысты қолдансақ, артық бола қоймас. Өйткені өзағамыз озып тұр. Ағайын халықтың ұландары ай бұрын Париж олимпиадасында қалай атой салғаны әлі есімізде. Жасырып қайтейік, сол кезде қызыға да, қызғана да қарадық.
Қазір Франция астанасында өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында «өзбек машинасының» сол жеңісті жолы өз жалғасын тауып жатыр. ӘЗІРГЕ Өзбекстан құрамасының қоржынында 5 – алтын, 3 – күміс және 3 қола медаль бар. Ойындардың аяқталуына әлі бір апта уақыт бар екенін ескерсек, әзірге деген сөзге екпін беруіміз артық емес шығар.

Жалпы, осыған дейін спортта өңірдің үздігі атану үшін негізінен өзбектермен жарысып келген едік. Қазір олар озды. Бағындырған белесі биік. Азиядағы бәсекелер мен футболда да жағдай осындай.
Осылайша, өзбек ағайын Nexia мен Matiz-ге мініп те талай қырдан асуға болатынын дәлелдеп берді. Апым айтпақшы, есесіне «өзінікі өндірісті». «Бізге де соны жасау керек, неге соны жасамасқа?!».
P.S. Париж паралимпиадасында бізде де жүлде бар. Нысана көздеуден ел намысын қорғаған Еркін Ғаббасов «күміс» алды. Әзірге жалғыз медаль. Расымен, әзірге болсыншы.
Еламан ҚОҢЫР.