55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы және Азия чемпионы атанған қазақстандық боксшы финал жолдамасы үшін жергілікті боксшы Хархуу Билгуунсайханмен қолғап түйістірді.
Жекпе-жектің алғашқы раундында төрешілер басымдықты моңғолиялық спортшыға берді – 4:1. Екінші раундта да барлық бес төреші Хархуу пайдасына шешім шығарды. Қорытындысында Билгуунсайхан 5:0 есебімен бірауыздан жеңіске жетіп, турнирдің финалына шықты.
Осылайша, Махмұд Сабырхан Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
Кездесу барысында Сабырхан белсенді шабуылдап, қарсыласын қыспаққа алғанымен, моңғол боксшысының дәл соққылары төрешілер шешіміне әсер етті. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болған Хархуу кездесуді соңына дейін сенімді өткізіп, даулы шешіммен жеңімпаз деп танылды.
Еске салсақ, Махмұд Сабырхан осыған дейін ширек финалда Өзбекстан өкілі Шахзод Музаффаровты 4:1 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, ерлер мен әйелдер арасындағы 2026 жылғы Азия чемпионаты алғаш рет World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Турнир 10 сәуірде мәресіне жетеді.
Фото: Бокс федерациясы.














