Спорт блогері әрі комментатор Әлімжан Тасболатұлы ASnews.kz порталына берген сұхбатында Қазақстан ұлттық құрамасының FIFA Series аясындағы Комор Аралдарына қарсы өтетін матчынан не күтетінін айтты.
«Ойын оңай өтуі қажет, алайда Комор аралдары ФИФА рейтингінде Намибиядан жоғары тұрғанын ескеру керек. Оның үстіне, олар бұған дейінгі жеке кездесулерде Намибияны жеңіп жүрген. Соңғы кездесуде ғана тең түсіп, Намибия пенальти сериясында басым түсті. Бұған себеп – Комор құрамасының бірнеше мықты ойыншысының келмеуі еді. Дегенмен, ертеңгі ойын біз үшін оңайырақ болуы тиіс. Қазақстан құрамасы жеңіске жетеді деген сенім бар. Мұндай ойындарда бар күшті салып ойнау керек, себебі бұл – рейтингтік кездесулер, жеңіске жетсек, ФИФА кестесінде көтерілуге мүмкіндік аламыз», – деді Тасболатұлы.
Сонымен қатар, Әлімжан Тасболатұлы бұл матчтардың күзде басталатын Ұлттар лигасы алдындағы маңызды дайындық кезеңі екенін атап өтті:
«Жаздағы жолдастық кездесулер де, ертеңгі ойын да жігіттер арасындағы түсіністікті, командалық «химияны» жақсартады деп білеміз. Әзірге Ұлттар лигасына 100% дайынбыз деп айта алмаймын, өйткені Қазақстан премьер-лигасының маусымы енді ғана басталды, ойыншылар толық бабында емес екені белгілі. Қыркүйекке дейін тағы бірнеше ойын өтеді: сырт алаңда Армения және Венгриямен күш сынасамыз. Талғат Маруанұлы Байсуфинов тиісті пысықтау жұмыстарын жүргізіп, команданы дайындап, Ұлттар лигасында сәтті өнер көрсетеді деген үмітіміз зор», – деді эксперт.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі алғашқы матчында Намибияны 2:0 есебімен сенімді түрде ұтқан болатын.
Комор Аралдарына қарсы ойын 31 наурыз күні Астанада өтеді.
Фотода: Қазақстан ұлттық құрамасы.













