Кездесуден кейін БАҚ өкілдері алдында сөйлеген италиялық маман ойыншылардың жарақаттарына байланысты кадрлық қиындықтарға тап болғанын атап өтті. Оның айтуынша, тоғыз ойыншы жарақатына байланысты матчқа қатыса алмаған, сондықтан құрам таңдау мүмкіндігі шектеулі болған.
«Маған қолымда бар футболшыларды көру және олармен жұмыс істеу маңызды болды. Жігіттердің бар күшін салғанына ризамын», — деді Каннаваро.
Сонымен қатар ол Өзбекстан құрамасы Малайзияға ойынға дейін бар болғаны екі күн бұрын келгенін, сондықтан толық қалпына келіп, климатқа бейімделуге уақыт жетпегенін айтты. Нәтижеге қарамастан, бапкер шәкірттерінің ойынын оң бағалады. Оның сөзінше, осындай мықты қарсыласқа гол соғу командаға үлкен мотивация мен сенім береді.
«Мұндай матчтарда қарсыластың қақпасына гол соғу өте маңызды. Бізде бұдан бұрын да жақсы мүмкіндіктер болды. Қорғаныста да кей сәттерде дұрыс әрекет еттік», — деді ол.
Каннавароның пікірінше, Өзбекстан құрамасында өсуге лайық үлкен әлеует бар:
«Уругвайды қыспаққа алу оңай шаруа емес, өйткені олардың көптеген ойыншысы Бразилия чемпионатында ойнайды. Бірақ менің қолымда әлеуеті зор команда бар, оны әрі қарай жетілдіруге болады», — деді маман.
Каннаваро физикалық даярлық мәселесіне де тоқталды.
«Бізде мәсілелерді түзетуге сегіз ай уақыт бар. Бұл тек жаттығуға емес, дұрыс тамақтану мен ұйқы тәртібіне де байланысты. Әлем чемпионатына дайындық жүйелі түрде жүруі тиіс», — деді ол.
Каннавароның айтуынша, Өзбекстан футбол қауымдастығы жақын уақытта Дубайда екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Ал өзі елде қалып, ұлттық біріншіліктің матчтарын тамашалап, жергілікті бапкерлермен жақынырақ таныспақ.
Бапкер қарсылас соққан екі голдың себебіне де тоқталды. Оның пікірінше, алғашқы гол офсайд жағдайында соғылған. Ал екінші гол кезінде команда қорғаныста тактикалық қателік жіберген.
«Қарсыласқа тым көп кеңістік беріп қойдық. Өз айып алаңымызда бір-бірімізге тығыз ойнауымыз керек еді», — деді ол.
Каннаваро ойыншыларға екінші таймның алғашқы 15 минуты шешуші болатынын ескерткенін айтып, зейінді жоғалтпау маңызды болғанын атап өтті.
Айта кетейік, Фабио Каннаваро – футбол тарихында «Алтын доп» иеленген санаулы қорғаушылардың бірі. Оған бұл марапат 2006 жылы Италия құрамасының әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін берілді. Ал Өзбекстан құрамасының тізгінін ол 6 қазанда қолына алды. 9 қазанда Кувейтке қарсы ойында дебютін өткізіп, Ташкенттегі матчта 2:0 есебімен жеңді.
Фото: M.Lukunic / Press Sports.