Кәсіпкер Дулат Тастекей «Елімай» футбол клубының акцияларын сатып алу және акционерлер құрамына кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Айта кетейік, кәсіпкердің өзі бүгінде Премьер-лигада Абай облысының намысын қорғап жүрген «Елімай» клубының аймағынан шыққан. Бұл фактор бизнесменнің жобаға әлеуетті түрде қызығушылық танытуына негізгі себептердің бірі болып отыр.
2025 жылдың тамызында «Елімай» ресми түрде коммерциялық емес акционерлік қоғам (НАО) болып қайта құрылды. Клуб – Еуропаның «Реал Мадрид», «Барселона», «Байер» сияқты алдыңғы қатарлы клубтарының тәжірбиесіне сүйене отырып, мұндай корпоративтік басқару моделін енгізген елдегі тұңғыш команда. Жарғылық капитал 100 млн теңгелік акциялар шығару арқылы қалыптастырылды. Қазіргі таңда акционерлер қатарына қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар және бизнес өкілдері қосылып жатыр.
Айта кетерлігі, «Елімай» осы маусымда 4-орын алып, 2026/2027 жылдардағы Еурокубок маусымына жолдама жеңіп алды.
Дулат Тастекей – әлеуметтік және спорттық бастамаларды тұрақты қолдайтын кәсіпкер әрі меценат ретінде Қазақстанға белгілі тұлға. Ол спортқа бір реттік акция емес, ұзақмерзімді стратегия ретінде қарайтын жүйелі қайырымды кәсіпкер саналады.
Дереккөз: beksportkz telegram-каналы.














