Футболдан «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі матч Еуропадағы қазақ жанкүйерлерінің де жіті назарында, деп хабарлайды 24.kz.
Испанияда Реал Мадрид қолдаушылары клубтың әлемдік деңгейдегі беделін мақтан тұтып, көпшілігі Қайраттың алғашқы маусымына қызығушылық танытып отыр. Еуропа еліндегі жерлестеріміз үшін де матч ерекше мәнге ие.
Испанияда футбол — тек ойын емес, өмір салты. Бұл елде футболға деген сүйіспеншілік аса жоғары, оны түрлі ресми зерттеулер де дәлелдейді. Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, испан халқының 61%-ы футболға ерекше қызығушылық танытады. Елдегі ең танымал клубтар: Реал Мадрид пен Барселона Футбол Командасы. Зерттеу нәтижелері бойынша, халықтың 32,4 пайызы, бұл дегеніміз шамамен он алты млн адам “Реал Мадридті” қолдайды деген сөз. Клубтың сондай қызуқанды жанкүйері әрі журналист Дани Ромеро қыркүйектегі “Қайрат” пен “Реалдың” ойынын асыға күтеді және ол әрине өз команасына қатты сенім артып отыр.
Дани Ромеро, жанкүйер:
— Қайраттың ойынын көрдім, жаман емес, жігіттер бабында тұр. Бірақ “Реалдың” деңгейі бөлек қой, тәжірибесі мен шеберлігі шыңдалған. Дегенмен Қазақстан командасына құрметпен қараймыз, себебі қарсыласты бағалай білу өз биігіңді сақтап қалудың белгісі.
Сырттағы қазақ қауымы да қыркүйектегі ойынды тағатсыздана күтеді. Брюссельдегі студент Исламбек Сман бұл матчты тек спорттық оқиға ғана емес, қазақ футболына деген қызығушылықтың жаңа белесі деп бағаласа, Мадридтегі жиырма бір жасар жерлесіміз Ринат Марат “Қайрат” арқылы Қазақстан испан қоғамына танымал бола түсетінін айтады.
Ринат Маратов, қазақ диаспорасының өкілі:
— Бұл матчты Қазақстандағы жанкүйерлер ғана емес, Мадридтегі қазақтар да асыға күтеді. Әрине Реал Мадрид өте мықты үздік клубтардың бірі, бірақ мен өзіміздің клуб үшін жанкүйер боламын. Алға, Қайрат!
Исламбек Сман, студент:
— Еуропада Реал Мадрид фанаттары өте көп. Және де Реал Мардрид пен Қайраттың ойнайтынын естіген кезде, жергілікті адамдар Қайрат туралы көп сұрайды. Соларға мақтанышпен Қайраттың тарихын түсіндіресің. Бұл да бір даму деп санауға болады. Спорт жәй ғана ойын емес, спорт рухани байланыстың бірі. Бұл ретте біздер, шет елдегі азаматтар Қайрат пен Реал Мадрид матчын мәдени дипломатия ретінде де санаймыз.
Баспасөз конференциясында «Реал Мадрид» бас бапкері Хаби Алонсо командасының Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчтары мен Алматыда өтетін «Қайратпен» кездесудің ерекшеліктеріне тоқталды. Ол негізгі ойыншылардың алаңға шығатынын хабарлап, ұзақ сапарға қарамастан кездесудің маңыздылығын баса айтты. Алонсо сондай-ақ «Қайратқа» деген құрметін білдіріп, тарихи матчта жеңіске ұмтылатынын жеткізді.
Дәурен Мұқашұлы, 24.kz.
Фото: Alexander Pavskiy / Kazinform.