54 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Элина Базарова финалда сенімді жеңіске жетті.
Шешуші жекпе-жекте қазақстандық боксшы Англия өкілі Лорен Маккимен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде Базарова соққыларының дәлдігімен және тактикалық сауаттылығымен ерекшеленіп, төрешілердің ортақ шешімімен (5:0) жеңімпаз атанды. Осылайша, ол турнирдің алтын медалін иеленсе, Макки күміс жүлдені місе тұтты.
Элина Базарова бұған дейін 1/8 финалда Моник Сурачиді 4:1 есебімен ұтса, ширек финалда түркиялық Айшен Ташкыннан 5:0 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда тағы бір қазақстандық Анель Сақыштан айласын асырды — 3:2.
Айта кетейік, Базарова — жастар арасында әлем чемпионы.
«Странджа» турнирі — Еуропадағы ең көне бокс додасы. 2026 жылы жарыс 77-рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы бәсекеге Қазақстаннан 39 боксшы қатысқанымен, финалға алтауы ғана жолдама алды.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы.














